«Сау денеде — сау рух» қағидасы Жетісу облысы полиция қызметкерлері үшін қызметтің негізі болып қала береді. Мұнда дене дайындығы — жай формальдылық емес, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқық қорғау қызметінің тиімділігіне тікелей әсер ететін күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі.
Жетісу облысы Полиция департаментінің мамандандырылған кәсіби даярлық басқармасы ұйымдастыратын жаттығулар күшті, төзімділікті және психологиялық тұрақтылықты дамытуға бағытталған. Сабақ бағдарламасына қоян-қолтық ұрыс элементтері, өзін-өзі қорғау тәсілдері, құқық бұзушыларды ұстау әдістері, сондай-ақ күштік және функционалдық жаттығулар кіреді.
Ерекше назар қызмет барысында туындауы мүмкін нақты жағдайларды модельдеуге аударылады. Бұл тәсіл қызметкерлердің тек физикалық қабілетін жетілдіріп қана қоймай, шапшаң әрекет етуге, күйзеліс жағдайында дұрыс шешім қабылдауға үйретеді.
Полиция қызметкері — тек заң өкілі ғана емес, қиын сәтте халық сенім артатын тұлға. Ол өзін де, өзгелерді де қорғай алатын, қоғам үшін сенімді «қалқан» бола білуі тиіс.
Ведомство өкілдерінің айтуынша:
«Дене дайындығы — полиция қызметкерінің кәсібилігінің негізі. Күш, батылдық және тәртіп бізге қызметтік міндеттерді тиімді атқаруға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз кез келген сын-қатерге дайын болу үшін дағдыларымызды үнемі жетілдіріп отырамыз».
Жүйелі жаттығу мен жеке құрамға қойылатын жоғары талаптар дайындық деңгейін әрдайым жоғары деңгейде ұстауға мүмкіндік береді. Өйткені тәртіп бар жерде — заң бар, ал заңның артында қоғамды қорғауға дайын адамдар тұрады.