Есірткісіз өмір — мықтылардың таңдауы: Талдықорғанда студенттермен ашық диалог өтті

Есірткісіз өмір — мықтылардың таңдауы: Талдықорғанда студенттермен ашық диалог өтті

Талдықорған қаласындағы Жастарға қызмет көрсету орталығында «Есірткісіз өмір» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға белсенді әрі бейжай қарамайтын студенттер қатысты.

Кездесуді Қоғамдық даму басқармасы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп, Құқық бұзушылықтардың алдын алу кеңесінің қатысуымен ұйымдастырды.

Іс-шараға 40-тан астам студент қатысып, денсаулықты сақтау, саналы таңдау жасау және жеке жауапкершілік тақырыптары кеңінен талқыланды. Ашық диалог форматында өткен кездесу жастарға мамандардан маңызды ақпарат алып қана қоймай, өз ойларын еркін білдіруге және көкейдегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік берді.

Талқылау барысында есірткі заттарын қолданудың салдары, тәуелділіктің адам тағдыры мен оның жақындарына әсері, сондай-ақ қоғамның мұндай қауіптерге қарсы иммунитет қалыптастырудағы рөлі сөз болды.

Спикерлер профилактика тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір жас адамның саналы ұстанымы екенін атап өтті.

Шараның ерекше атмосферасын студенттердің белсенділігі мен шынайылығы айқындады. Олар талқылауға белсене қатысып, заманауи сын-қатерлерге қарсы тұруға дайын екендіктерін көрсетті.

«Бүгінде мәселе туралы айту ғана емес, жастардың санасында нақты түсінік қалыптастыру маңызды: есірткісіз өмір — шектеу емес, бұл еркіндік. Өз болашағыңды таңдау, жоспар құру және армандарыңды жүзеге асыру еркіндігі», — деп атап өтті полиция қызметкерлері.

Мұндай бастамалар салауатты өмір салтын насихаттап, жауапты ұрпақ қалыптастыруға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігіне айналуда.

Жетісу облысында өткізілетін осындай кездесулер әркімнің болашағы бүгінгі таңдаудан басталатынын тағы бір мәрте дәлелдейді.

#законипорядок #заңментәртіп #есірткігежолжоқ