Жетісу облысының Полиция департаментінде халықтың ең осал санаттарымен күнделікті жұмыс істейтін қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған арнайы оқыту сабағы өтті. Іс-шараның бастамашысы – жедел-криминалистикалық басқарма.
Оқытуға кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлім қызметкерлері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары қатысты. Сабақты өткізуге Жетісу облысы бойынша Сот сараптамасы институтының мамандары тартылып, олар «Тірі тұлғалардың сот-медициналық сараптамасы» тақырыбында тәжірибеге бағытталған дәріс ұсынды.
Кездесу барысында сот сарапшысы сараптамаларды жүргізудің негізгі аспектілерін, дене жарақаттарын тіркеу тәртібін және құқық бұзушылықтарды тергеуде маңызды рөл атқаратын құжаттандыру ерекшеліктерін жан-жақты түсіндірді. Ерекше назар қызметкерлердің күнделікті қызметінде кездесетін практикалық мәселелерге аударылды.
Қатысушылар диалогқа белсенді қатысып, сұрақтар қойып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Бұл оқытудың тек ақпараттық қана емес, сонымен қатар нақты жұмыс жағдайларына барынша жақын өтуіне мүмкіндік берді.
«Қызметкерлердің кәсіби сауаттылығын арттыру — сапалы әрі әділ тергеудің негізі. Деректер неғұрлым нақты әрі сауатты тіркелсе, азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімі соғұрлым жоғары болады», — деп атап өтті Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Мадияр Омаров.
Оқыту қорытындысы бойынша қызметкерлер ұсынылған материалды сәтті меңгеріп, тиісті сертификаттарға ие болды. Салтанатты табыстау рәсімін Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Мадияр Омаров және Жетісу облысы бойынша Сот сараптамасы институтының директоры Еркін Аубакиров өткізді.
Мұндай іс-шараларды өткізу ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған полиция қызметінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
#законипорядок #заңментәртіп #криминали