Заң күзетінде: полицейлердің дайындығы — қоғам қауіпсіздігінің негізі

Заң күзетінде: полицейлердің дайындығы — қоғам қауіпсіздігінің негізі

Жетісу облысында полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығына ерекше көңіл бөлінеді. Себебі олардың төзімділігі, дене дайындығы және қызметтік қаруды меңгеру деңгейі азаматтардың қауіпсіздігі мен кез келген оқиғаға жедел әрекет етуіне тікелей әсер етеді.

Жетісу облысы Полиция департаментінің Арнайы кәсіби даярлық басқармасының қызметкерлері қызметке түсу кезінде кезекші нарядтардың дайындығын тұрақты түрде тексеріп отырады. Іс-шаралар барысында қызметкерлердің тек дене дайындығы ғана емес, сонымен қатар олардың моральдық жағдайы, психологиялық тұрақтылығы және төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындығы бағаланады.

Әрбір полиция қызметкері кез келген жағдайға — тұрмыстық құқықбұзушылықтан бастап қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатерге дейін — дайын болуы тиіс. Сондықтан мұндай тексерулер кешенді түрде жүргізіліп, қызмет атқару тиімділігін арттыруға бағытталған.

«Төзімділік, дене дайындығы, атыс қаруын меңгеру — барлық полиция қызметкерлері игеруі тиіс базалық дағдылар. “102” арнасына түскен әрбір шақырту қызметкерден барынша дайындық пен жауапкершілікті талап етеді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету — әрбір қызметкерден басталады».

Осындай іс-шараларды өткізу жеке құрамның дайындық деңгейін анықтап қана қоймай, анықталған кемшіліктерді дер кезінде түзетуге мүмкіндік береді. Бұл — қоғам сенімін арттыру мен өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам.

Жетісу облысының полициясы қызметкерлердің кәсіби дағдыларын нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыруда. Себебі әрбір шақыртудың артында азаматтардың өмірі мен тыныштығы үшін жауапкершілік тұр.

#біздіңполиция #нашаполиция