Күнделікті қарбаласта көзге көрінбейтін ұсақ құқық бұзушылықтардың біртіндеп қалыпты жағдайға айналып бара жатқанын аңғармай қалу оңай. Қоқысты жәшікке тастамау, асфальтқа темекі тұқылын лақтыру, қоғамдық орында шылым шегу, жол қозғалысы ережелерін елемеу — мұның бәрі болмашы көрінуі мүмкін. Алайда дәл осындай ұсақ көрінген әрекеттерден қоғамдағы тәртіп… немесе бейберекеттік қалыптасады.
Жетісу облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары күн сайын ондаған құқық бұзушылықты тіркейді. Бұл жай ғана статистика емес — бұл біздің мәдениетіміздің, қалаға, айналамыздағы адамдарға және өзімізге деген көзқарасымыздың айнасы. Мемлекет құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын ұстанады, өйткені қауіпсіздік ірі шешімдерден емес, әр адамның қарапайым тәртіп сақтауынан басталады.
Әрбір тасталған темекі тұқылы — қоршаған ортаға зиян. Әрбір ережені елемеу — адам өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп.
«Қоғамдағы тәртіп — әр адамның өз іс-әрекетіндегі тәртіптен басталады».
Табиғатты аялаңыздар, айналаңыздағы адамдарды құрметтеңіздер және белгіленген ережелерді сақтаңыздар. Себебі қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасы дәл осындай ұсақ әрекеттерден қалыптасады.
#законипорядок #заңментәртіп #ЦОУ #КАМЕРЫ