
Жетісу облысында көші-қон заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесуге бағытталған республикалық «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды. Жүргізілген жұмыс бұл саладағы бақылаудың аса маңызды екенін көрсетті: бұл — елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі.
Профилактикалық іс-шаралар барысында 318 құқық бұзушылық анықталды. Оның 223-і шетел азаматтарымен жасалса, тағы 95 құқық бұзушылық көші-қон заңнамасын бұзған Қазақстан азаматтарына тиесілі.
Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 223 шетел азаматы жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, шетел азаматтарын қабылдаған 83 Қазақстан азаматы (жеке және заңды тұлғалар) белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзғаны үшін 12 адам жауапқа тартылды.
Сот шешімдері бойынша 34 шетел азаматы елден шығарылды.
Заңсыз еңбек қызметі фактілеріне ерекше назар аударылды. Мәселен, Текелі қаласында құрылыс жұмыстарын заңсыз жүргізген 15 шетел азаматы анықталды. Кербұлақ ауданында тиісті рұқсатсыз құрылыс жұмыстарымен айналысқан 79 шетел азаматы анықталды.
Полиция қызметкерлерінің атап өтуінше, мұндай құқық бұзушылықтар тек әкімшілік сипатпен шектелмейді. Олар құқықтық тәртіптің тұрақтылығына тікелей әсер етіп, нақты қауіптер тудыруы мүмкін.
«Көші-қон заңнамасын сақтамау — бұл жай ғана ережелерді бұзу емес. Бұл бақылау жүйесін әлсірететін, көлеңкелі еңбекке жол ашатын және ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін фактор. Біздің міндетіміз — осы салада ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету», — деп атап өтті ведомство өкілдері.
#законипорядок #заңментәртіп #опм