Жетісу облысының аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар жалғасуда.
Іс-шаралар аясында полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салуда. Сондай-ақ көлік құралын мас күйінде басқаруға, белгіленген жылдамдықты асыруға және рульде отырып ұялы телефон қолдануға жол бермеу қажеттігіне ерекше назар аударылуда.
Сонымен қатар жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Азаматтарға жолды белгіленген орындардан кесіп өту ережелері түсіндіріліп, қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану қажеттігі айтылуда.
Жыл басынан бері облыс жолдарында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың бірқатар деректерін анықтады. Атап айтқанда, тиісті құжаттарсыз көлік құралын басқарғаны үшін 1842 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Көлік құралын мас күйінде басқарудың 94 дерегі анықталды. Сондай-ақ 14 жүргізуші сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан көлік басқарған.
Бұдан бөлек, техникалық ақауы бар көлік құралдарын пайдаланғаны үшін 1038 жүргізуші жауапкершілікке тартылса, қарсы бағытқа шығудың 19 дерегі тіркелді.
Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға және жолда өзара құрмет танытуға шақырады.
#заңментәртіп