Әр адамға қауіпсіздік: Жетісу облысында құқық бұзушылықтың алдын алудың жаңа форматы енгізілуде

Әр адамға қауіпсіздік: Жетісу облысында құқық бұзушылықтың алдын алудың жаңа форматы енгізілуде

Жетісу облысы Полиция департаментінің бастамасымен өңір аумағында Қазақстан Республикасының «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңы аясында мобильді топтардың жұмысы енгізілуде. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Іс-шаралар аясында мамандар виктимологиялық профилактика жұмыстарын жүргізуде. Яғни бұл – азаматтарды ықтимал құқық бұзушылықтардан қорғауға және олардың құқық бұзушылық құрбанына айналу қаупін азайтуға бағытталған жұмыс. Тұрғындарға қауіпсіз мінез-құлық қағидалары түсіндіріліп, тұлғааралық жанжалдарды бейбіт жолмен шешу тәсілдері үйретіледі, заңды өзін-өзі қорғау жолдары мен қауіп төнген жағдайда қолданылатын қорғану шаралары туралы ақпарат беріледі. Сонымен қатар азаматтарға құқықтық, психологиялық және консультативтік көмек көрсетіледі.

Жұмыстың маңызды бағыты – құқық бұзушылықтан зардап шеккен азаматтарды анықтау және қолдау көрсету. Осы мақсатта көмек көрсету жүйесін дамыту, сенім телефондары мен ақпараттық алаңдардың жұмысын жетілдіру, сондай-ақ заманауи профилактикалық тәсілдер туралы материалдарды кеңінен тарату көзделген. Сонымен бірге құқық бұзушылықтар жиі орын алатын орындар мен факторларға талдау жүргізіліп, қауіпсіздікті арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдануда.

Пилоттық іс-шара Текелі қаласында өтті. Оған 50-ге жуық адам, оның ішінде құқық бұзушылықтан зардап шеккен азаматтар қатысты. Іс-шараны ұйымдастыруға Текелі қаласының полиция қызметкерлері, Жетісу облысының Спорт және мәдениет басқармасының, Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, Кризистік орталық, Психологиялық қолдау орталығы, сондай-ақ «Жанұя» отбасыны қолдау орталығының мамандары атсалысты.