Құқық қорғау жүйесін цифрландыру — бүгінгі күннің шындығы. Жетісу облысының полициясы жеделдікке, дәлдікке және құқықбұзушылықтың алдын алуға басымдық бере отырып, ұшқышсыз басқарылатын технологияларды белсенді түрде қолдануда. Бүгінде полиция қызметкерлерінің қарамағында күнделікті қызметте де, арнайы іс-шаралар барысында да пайдаланылатын 48 заманауи дрон бар.
Негізгі бағыттардың бірі — жол-көлік оқиғаларын тіркеу. 500 метрге дейінгі биіктіктен дрондар жол-көлік оқиғасы орын алған жердің егжей-тегжейлі фотограмметриялық карталарын жасайды. Бұл жағдайды жедел бағалауға, оқиғаның нақты көрінісін объективті түрде тіркеуге және жолды жабу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Ұшқышсыз аппараттар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде де кеңінен қолданылады. Олар жаппай іс-шараларды бақылауға, жедел ахуалды мониторингтеуге және құқықбұзушылықтарды нақты уақыт режимінде анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар дрондар периметрлер мен стратегиялық нысандарды күзету барысында заңсыз кіру фактілерін тіркеу үшін пайдаланылады.
Жеке бағыт ретінде экологиялық құқықбұзушылықтарды анықтау да қарастырылған. Атап айтқанда, қоқысты заңсыз тастау, орманды заңсыз кесу, қалдықтарды төгу және браконьерлік фактілері дрондар арқылы әшкереленуде. Жылу бейнелеуіштермен жабдықталған аппараттар құқықбұзушыларды түнгі уақытта және жетуі қиын аумақтарда да анықтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда облыс аумағында дрондардың көмегімен 232 құқықбұзушылық анықталды. Алайда олардың басты мақсаты — алдын алу. Әуе арқылы бақылаудың өзі азаматтарды тәртіпке шақырып, құқықбұзушылық тәуекелдерін едәуір төмендетеді.
«Заманауи технологиялар бізге жылдамырақ, дәлірек әрі қауіпсіз әрекет етуге мүмкіндік береді. Дрондар — бұл жай ғана техника емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді профилактикалық құрал», — деп атап өтті Жетісу облысының полициясы.
цифрландыру — бұл болашақ емес, қауіпсіз әрі технологиялық ортаны қалыптастырудың қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған тетігі.