Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз мерекесі қарсаңында Көксу аудандық полиция бөлімінде салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиында Көксу аудандық полиция бөлімінің бастығы Ернар Танатаров нәзік жандыларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, олардың адал қызметі, кәсібилігі және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріне алғысын білдірді.
Іс-шара барысында қызметтік міндеттерін үлгілі атқарып жүрген бірқатар қызметкерлер марапаттарға ие болды. Сонымен қатар ішкі істер органдарының ардагері болған әйелдерге ерекше құрмет көрсетіліп, олардың көпжылдық еңбегі мен тәжірибесі жас буынға үлгі екені атап өтілді.
Жылы әрі көтеріңкі көңіл-күйде өткен кездесуде әйел қызметкерлердің қызметтегі жауапкершілікті отбасы құндылықтарымен қатар алып жүргені ерекше атап өтілді.
Іс-шара соңында ұжымдағы барлық әйелдерге гүлдер табысталып, зор денсаулық, отбасылық амандық, бақыт пен көктемгі көңіл-күй тілінді.