
Жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендету және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жетісу облысы Полиция департаментінің қызметкерлері «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасын (ЖПІ) өткізді. Негізгі назар жолаушыларды заңсыз тасымалдау фактілерін анықтауға және жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзудың жолын кесуге бағытталды.
Профилактикалық жұмыс барысында Жетісу облысының аумағында жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін 1274 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Атап айтқанда:
• 114 көлік құралын мемлекеттік немесе міндетті техникалық байқаудан өткізбестен басқару дерегі тіркелді. Оның ішінде такси қызметін көрсеткен 5 автокөлік те техникалық байқаудан өтпегені анықталып, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген;
• қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығудың 3 фактісі тіркелді — бұл ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін ең қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі;
• алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарудың 6 дерегі анықталды.
Сонымен қатар, көлік құралын басқару құқығы жоқ 50 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 4-уі бұрын жүргізу құқығынан айырылған. Бұдан бөлек, жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 5 фактісі анықталып, көлеңкелі тасымал қызметінің өзекті мәселе болып отырғанын көрсетті.
«Әрбір заңсыз тасымалдаушы — жолаушылар қауіпсіздігіне төнген ықтимал қатер. Біздің міндетіміз — құқық бұзушылықтардың жолын кесіп қана қоймай, қайғылы жағдайлардың алдын алу. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасады», — деп атап өтті полиция өкілдері.
Жетісу облысының полициясы азаматтарды тек ресми тасымалдаушылардың қызметін пайдалануға және заңсыз әрекеттер туралы құзырлы органдарға хабарлауға шақырады.
#законипорядок #заңментәртіп #опм