Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайының конференц-залында Жетісу облысы Полиция департаментінің басшылығы Киберполиция басқармасы, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және облыстық прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, студент жастармен ауқымды профилактикалық кездесу өткізді.
«Заң мен тәртіп — сіздің таңдауыңыз» ұранымен өткен шараға 300-ге жуық студент қатысты. Кездесудің басты тақырыбы — интернет-алаяқтық пен есірткі қылмысының алдын алу болды.
Полиция қызметкерлері заманауи қылмыстық схемалар туралы айтып, қаскөйлер заңсыз әрекеттерін көбіне интернеттегі «жеңіл табыс» ретінде жасыратынын атап өтті. «Закладчик» пен «дроппер» секілді заңсыз әрекеттер қарапайым қосымша жұмыс ретінде ұсынылғанымен, оның артында ауыр қылмыстық жауапкершілік тұрғаны түсіндірілді. Ескертулерге қарамастан, кейбір жастардың әлі де алаяқтардың арбауына түсіп жатқаны айтылды.
Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Сапар Бауыржан студенттерге жауапкершілікпен қарауға шақырды:
«Ешқандай «жеңіл табыс» сынған тағдырға татымайды. Заң мен тәртіп — бұл сіздің саналы таңдауыңыз әрі қауіпсіз болашақтың кепілі», — деп атап өтті ол.
Кездесу соңында қатысушыларға есірткі қылмыстарын жасау және алаяқтық схемаларға қатысу заң алдында жауапкершілікке әкелетіні ескертілді. Сондай-ақ жастар күмәнді ұсыныстарға бейжай қарамай, дереу құқық қорғау органдарына хабарлау қажеттігі айтылды.
#законипорядок
#заңментәртіп