Заң және профилактика: көңіл көтеру орындарында тыйым салынған заттардың таралуына қарсы шаралар күшейтілуде

Заң және профилактика: көңіл көтеру орындарында тыйым салынған заттардың таралуына қарсы шаралар күшейтілуде

Жетісу облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі және өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Профилактикалық іс-шаралар аясында полицейлер танымал блогер @optimist.hafiz-бен бірлесіп, қаладағы көңіл көтеру орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кафе, мейрамхана, барлар мен басқа да демалыс орындарын қамтыды.

Іс-шаралар барысында есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын, сондай-ақ өзге де тыйым салынған препараттарды заңсыз сақтау, сату және қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Көңіл көтеру орындарының әкімшіліктерімен профилактикалық әңгімелер өткізіліп, заң талаптарын қатаң сақтау және демалыс орындарының аумағында тыйым салынған заттардың таралуына жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін, оның ішінде «күлдіргіш газ» ретінде белгілі азот тотығына қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Мамандардың айтуынша, бұл затты қолдану мүлде зиянсыз емес. «Азот тотығы ағзаның оттегі жетіспеушілігін туындатып, жүйке жүйесіне зақым келтіруі және тұрақты тәуелділіктің қалыптасуына әкелуі мүмкін. Бұл адамның денсаулығы мен өміріне елеулі қауіп төндіреді», — деп атап өтеді сарапшылар.

Жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралар қауіпсіз ортаны қалыптастыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және Жетісу облысының тұрғындарын есірткі және өзге де тыйым салынған заттардың заңсыз айналымымен байланысты қауіптерден қорғауға бағытталған.

#законипорядок #заңментәртіп #есірткігежолжоқ