Жетісу облысының Кербұлақ ауданында зияткерлік қауіпсіздік жүйесі енгізілуде

Жетісу облысының Кербұлақ ауданында зияткерлік қауіпсіздік жүйесі енгізілуде

Жетісу облысының Кербұлақ ауданында заманауи цифрлық платформа — шағын Жедел басқару орталығы (ЖБО) жұмысын бастады. Бұл жүйе құқық қорғау күштерін бірыңғай зияткерлік бақылау және әрекет ету тетігіне біріктірді.

Жаңа орталық ауданның қоғамдық қауіпсіздігін нығайтудағы маңызды қадамға айналды. Енді көшелердегі, автожолдардағы және қоғамдық орындардағы жағдай тәулік бойы бақылауда болады. Бейнебақылау камералары мен жылдамдықты тіркеу кешендері 24/7 режимінде жұмыс істеп, мәліметтерді тікелей Орталыққа жолдайды. Бұл полиция қызметкерлеріне құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға, жол-көлік оқиғаларына уақтылы әрекет етуге және төтенше жағдайлар кезінде шұғыл шара қабылдауға мүмкіндік береді.

Шағын Жедел басқару орталығын іске қосу — Жетісу облысы Полиция департаменті жүргізіп жатқан ауқымды цифрлық трансформацияның бір бөлігі. Зияткерлік технологияларды енгізу дәстүрлі әрекет етуден проактивті қауіпсіздік басқаруына көшуге жол ашады. Мұнда шешімдер деректерді талдау, жедел мониторинг және заманауи цифрлық құралдар негізінде қабылданады.

Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Смайылов Әлімбет Жанарысұлының айтуынша, Орталықтың ашылуы азаматтардың қорғалу деңгейін арттыруға және құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін күшейтуге бағытталған.

💬 «Басты мақсат — тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығы. Орталық жағдайды жедел бақылауға мүмкіндік беріп, полиция жұмысының тиімділігін және қоғам сенімін арттырады», — деп атап өтті ол.

Кербұлақ ауданында шағын ЖБО-ның ашылуы — өңірдің заманауи әрі қауіпсіз болашаққа қадам басқанын білдіреді. Енді тәртіп пен заң тек полиция қызметкерлерінің кәсібилігімен ғана емес, озық технологиялардың мүмкіндіктерімен де қамтамасыз етіледі.

#законипорядок #заңментәртіп
#цифровизация