Үрей мен үмітке толы түн: полицейлер мен құтқарушылар жоғалған бақташыны тапты

Үрей мен үмітке толы түн: полицейлер мен құтқарушылар жоғалған бақташыны тапты

2026 жылғы 13 ақпанға қараған түні полицияға шұғыл әрекет етуді талап ететін алаңдатарлық хабарлама түсті. Өтініш беруші бір күн бұрын мал жайылымына шығып, қайта оралмаған 58 жастағы бақташының жоғалып кеткенін хабарлаған.

Анықталғандай, 12 ақпан күні таңертең ер адам атпен шамамен 500 бас ұсақ малды жаюға шыққан. Қасында ұялы телефоны болған, алайда көп ұзамай онымен байланыс үзіліп, телефон өшіп қалған. Сол күннің кешкі уақытында алаңдаушылық күшейе түсті: шамамен сағат 22:00-де қыстаққа бақташының иті өздігінен оралған, бірақ иесі болмаған. Дәл осы жағдай туыстары мен шаруашылық иелері үшін дабыл белгісіне айналды.

Іздестіру жұмыстарына дереу полиция қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жұмылдырылды. Қатты боран мен бұрқасын жел жағдайында іздеу топтары автокөліктерді, қарда жүретін техникаларды және түнгі көру құралдарын пайдаланып, аумақты толық тексерді. Көріну деңгейінің нашарлауына байланысты ұшқышсыз ұшу аппаратын қолдану мүмкін болмады, алайда іздеу жұмыстары бір сәтке де тоқтатылған жоқ.

Кәсібилік пен үйлесімді іс-қимылдың арқасында жоғалған адамды алғаш болып полиция қызметкерлері тапты. Ер адам қатты әлсіреген күйде болғанымен, аман қалды. Полицейлер оған дереу көмек көрсетіп, су беріп, үйіне қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз етті.

Қуанышқа орай, қазіргі уақытта бақташының өмірі мен денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ, жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда. Үйіне оралған ер адам полиция қызметкерлері мен ТЖД құтқарушыларына жеделдігі, мұқияттылығы және бейжай қарамағаны үшін шынайы алғысын білдірді.

#нашаполиция #біздіңполиция #хорошийпоступок