Жетісу облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы қызметкерлері Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттеріне мазмұнды әрі танымдық дәріс өткізді. Кездесу ашық диалог форматында ұйымдастырылып, әсіресе заң мамандығында білім алып жүрген студенттердің үлкен қызығушылығын тудырды.
Іс-шара құқық саласындағы болашақ мамандар мен тергеу органдары өкілдері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды. Дәріс барысында Тергеу басқармасының қызметкерлері өз жұмыстарының ерекшеліктері, қылмыстық істерді тергеу үдерісі және тергеушілерге қойылатын талаптар туралы кеңінен баяндады.
Сонымен қатар, заң талаптарын сақтау, процессуалдық шешім қабылдаудағы жауапкершілік және құқықтық қызметтің практикалық қырларына ерекше назар аударылды. Студенттер тергеу органдарының нақты жұмысымен танысып қана қоймай, тәжірибеге қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Ашық диалог форматы болашақ заңгерлерге кәсіби қызметтің қыр-сырын талқылап, өзекті мәселелер бойынша нақты жауап алуға жол ашты. Тергеу басқармасының өкілдері мұндай кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, кәсіби қызығушылығын арттыруға және таңдаған мамандығының жауапкершілігін түсінуге ықпал ететінін атап өтті.
— Болашақ заңгер тек теориялық біліммен шектелмей, заңның тәжірибеде қалай қолданылатынын түсінуі тиіс. Біздің міндетіміз — тәжірибемен бөлісу, тергеу жұмысының нақты тетіктерін көрсету және студенттерде қоғам мен заң алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру, — деді Жетісу облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының өкілі.
Осындай дәрістерді өткізу құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелері арасындағы өзара байланысты нығайтып, студенттердің болашақ кәсіби қызметіне дұрыс бағдар алуына көмектеседі.
#законипорядок #заңментәртіп #юрист