Жетісу облысында сот сараптамасының өзекті мәселелері талқыланды

Жетісу облысында сот сараптамасының өзекті мәселелері талқыланды

Жетісу облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасы қызметкерлерінің бастамасымен сот сараптамаларын тағайындау және жүргізудің өзекті мәселелеріне арналған семинар-кеңес өтті. Іс-шараға өңірлік Сот сараптамалары институтының директоры, институттың жетекші сарапшылары, Талдықорған қалалық сотының судьясы, облыстық прокуратура өкілдері, сондай-ақ қалалық және аудандық бөлімшелердің тергеушілері, анықтаушылары және учаскелік полиция инспекторлары қатысты.

Семинар барысында қатысушылар сот-медициналық, сот-экономикалық, психологиялық-филологиялық және габитоскопиялық сараптамаларды тағайындау тәртібін жан-жақты қарастырды. Сарапшыларға жолданатын сұрақтарды дұрыс тұжырымдауға, сондай-ақ сараптамалық зерттеулер жүргізу кезінде тәжірибеде туындайтын проблемалық жағдайлар мен қиындықтарды талдауға ерекше назар аударылды.

Тергеу басқармасының басшысы атап өткендей, семинар-кеңестің негізгі мақсаты — сот сараптамасының негізгі мәселелерін жан-жақты талқылап, тергеудің барлық кезеңдерінде полиция қызметкерлерінің жұмыс сапасын арттыру. Басым міндеттердің қатарында «е-Saraptama» ақпараттық жүйесінде сараптама тағайындау кезінде жіберілетін техникалық және мазмұндық қателіктерді азайту, оларды жүргізу мерзімдерін қатаң сақтау және сараптамалық қорытындылардың сапасын арттыру белгіленді.

Сондай-ақ тергеушілер мен сарапшылар арасындағы кері байланысты күшейту қажеттігіне ерекше мән берілді. Бұл туындайтын кемшіліктерді жедел жоюға және ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Процессуалдық мерзімдерді сақтау және азаматтардың құқықтарын сенімді қорғауды қамтамасыз ету талқылаудың негізгі бағыттарының бірі болды.

Осындай семинарларды өткізу құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға және сот сараптамаларын тағайындауға бірыңғай тәсілді қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде қылмыстық істерді тергеу сапасына және азаматтардың әділ сот жүйесіне деген сеніміне оң әсерін тигізеді.

#законипорядок #заңментәртіп #тергеу