Жетісу облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Көксу ауданына қарасты сүт зауытының жұмысшыларымен профилактикалық кездесу өткізді. Шараның негізгі мақсаты — құқықбұзушылықтардың алдын алу және еңбек ұжымдарының құқықтық сауаттылығын арттыру.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде полиция қызметкерлері қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды. Талқылау барысында жұмыс беруші мен жұмыскердің құқықтары мен міндеттері, жалдамалы еңбекті қанауға жол бермеу, сондай-ақ еңбек құқықтарының өрескел бұзылуы үшін көзделген жауапкершілік мәселелері қозғалды.
Кездесудің жеке бір бөлімі құлдық, мәжбүрлі еңбек және өзге де ауыр қылмыстар үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілікті түсіндіруге арналды. Полиция қызметкерлері мұндай құқыққа қайшы әрекеттердің құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында екенін және заңға сәйкес қатаң жазаланатынын атап өтті.
Осындай профилактикалық іс-шаралар еңбек саласында заңдылықты нығайтуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және адам құқықтарының сақталуы сөзсіз басымдық болып табылатын қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға бағытталған.
#законипорядок #заңментәртіп #профилактика