Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы қоғамның өмір салтын ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдерін де түбегейлі өзгертуде. Цифрландыру жылы деп жарияланған 2026 жыл барлық саланы, соның ішінде құқық қорғау жүйесін жаңғырту бағытының заңды жалғасына айналды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Цифрландыру — өз алдына мақсат емес, ол азаматтардың өмір сапасын арттыру мен мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ететін тиімді құрал».
Бүгінде заманауи технологиялар полиция қызметкерлерінің күнделікті тәжірибесіне берік енді. Жетісу облысында цифрлық шешімдер өз тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Автожолдардағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды азайту мақсатында қызметтік жұмысқа арнайы ұшқышсыз ұшу аппараттары — дрондар енгізілді. Қазіргі таңда өңір полицейлері нақты уақыт режимінде жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтауға, қауіпті маневрлерді тіркеуге және тас жолдардағы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін 16 ұшқышсыз ұшу құрылғысын қолдануда.
Сонымен қатар цифрлық технологиялар ескірген қағазбастылық рәсімдерді біртіндеп ығыстырып келеді. Ұзақ тексерулер мен құжат толтырудың орнына полиция қызметкерлері арнайы планшеттерді пайдаланады. Олардың көмегімен санаулы минуттар ішінде жүргізушінің, көлік құралының деректерін және қажетті рұқсаттардың бар-жоғын тексеруге болады. Бұл үдерісті жеделдетіп қана қоймай, қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен объективтілігін арттырады.
Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, технология — тек құрал, ал басты фактор — адам жауапкершілігі. Өкінішке қарай, полиция қызметкерлері кейбір азаматтардың жағымсыз қарым-қатынасына жиі тап болып жатады. Кей жағдайда бұл — жастарға тән максимализмнің көрінісі болса, енді бірінде — жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару секілді ашық жауапсыздық. Мұндай заңбұзушылықтар құқық бұзушылардың өзіне де, айналасындағыларға да тікелей қауіп төндіреді.
Жетісу облысы полициясы қызметіндегі цифрландыру — тек бақылау үшін емес, қауіпсіздікке, тәртіпке және өзара сенімге бастар қадам. Заманауи технологиялар құқық бұзушылықтардың салдарымен күресуден гөрі, олардың алдын алуға мүмкіндік беріп, қоғамда заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуде.