Талдықорған қаласында қала кеңістігіндегі есірткіні жасырын насихаттаудың аса қауіпті түрі — наркограффитиді бояп өшіруге арналған ауқымды профилактикалық іс-шара өтті.
Акцияны Жетісу облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі Кеңеспен және еріктілермен бірлесіп ұйымдастырды.
Наркограффити — бұл жай ғана қабырғалардағы жазулар емес. Оның артында тыйым салынған заттарды тарату арналары, жастарды қылмыстық ортаға тарту және адам тағдырларының күйреуі тұр. Сондықтан оған қарсы күрес — тек полицияның міндеті ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Іс-шара барысында ондаған ғимараттың қасбеті, қоршаулар мен подъездер заңсыз жазулардан тазартылды. Еріктілер, полиция қызметкерлері мен қоғам белсенділері иық тірестіре еңбек етіп, елдің болашағына қауіп төндіретін қатерлерге тек бірлесе қарсы тұруға болатынын көрсетті.
Осы орайда бұған дейін Талдықорғанда есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз жарнамасын таратты деген күдікпен екі ер адамның ұсталғанын еске салған жөн. Ұсталғандар — жасы 36 және 40-тағы жергілікті тұрғындар — жедел-іздестіру іс-шаралары барысында анықталып, құрықталды.
Сонымен қатар, жыл басынан бері Жетісу облысы аумағында 100-ден астам наркограффити бояп өшірілді. Бұл профилактикалық жұмыстың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын және құқық қорғау органдарының есірткі қатеріне қарсы күрестегі принципті ұстанымын айқын көрсетеді.
«Адам өмірі - тағдырдың олжасы емес, ал біздің парызымыз - келер ұрпаққа таза әлем қалдыру» -деп жазған қазақ ақыны.
Бұл сөздер болып жатқан істің мәнін дәл ашады: қоғамның қауіпсіздігіне, денсаулығына және рухани ахуалына қамқорлық жасау — жай формалдылық емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Біз — қауіпсіз әрі салауатты болашақ үшінбіз. Біз — есірткіге қарсымыз.
#законипорядок #заңментəртіп #есірткігежолжоқ