Жетісу облысында 18 азамат пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатқаны үшін жауапқа тартылды

Жетісу облысында 18 азамат пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатқаны үшін жауапқа тартылды

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жетісу облысының аумағында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Аталған іс-шара 5 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында өткізіледі.
Полиция қызметкерлері сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың заңсыз сатылуының және оларды тиісті лицензиясы жоқ тұлғалардың өткізуінің алдын алуға ерекше назар аударуда. Сонымен қатар тұрғындарға пиротехникалық бұйымдарды тұрғын үйлердің, автокөліктердің және басқа да тез тұтанатын нысандардың маңында қолданудың қауіпті екені ескертіледі. Атап өтейік, Жетісу облысында 18 азамат пиротехникалық бұйымдарды сатқаны үшін жауапқа тартылды.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 483-бабына сәйкес, елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды қолданғаны үшін 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, ал екінші рет қайталанған жағдайда 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Егер бұл құқық бұзушылықты кәмелетке толмағандар жасаса, жауапкершілік олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.
Аталған қызмет түрімен тек ішкі істер органдары берген лицензиясы бар заңды тұлғалар ғана айналыса алады. Пиротехникалық бұйымдар тек қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған сауда орындарында сатылуы тиіс.