
Талдықорған қаласындағы №10 орта мектепте полиция қызметкерлері мен Жетісу облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырған профилактикалық кездесу өтті. Іс-шара жасөспірімдер арасында жеке қауіпсіздік, құқықтық жауапкершілік мәселелеріне саналы көзқарас қалыптастыруға және олардың заңсыз әрекеттерге тартылуының алдын алуға бағытталды.
Дәріс барысында оқушыларға есірткі заттарының адам денсаулығына, оның ішінде физикалық және психикалық жағдайына тигізетін орны толмас зияны түсінікті әрі көрнекі түрде жеткізілді. Тәуелділіктің адам тағдырын қалай күйретіп, болашақтан айыратыны нақты мысалдармен айтылды. Сондай-ақ полицейлер интернетте кеңінен насихатталатын «жеңіл табыс» уәдесінің артында тұрған қауіпті «жасырын таратушылардың» (закладчиктер) әрекет ету сызбаларына ерекше тоқталды.
Кездесудің жеке бір бөлімінде жауапкершілік мәселесі қозғалды. Оқушыларға есірткінің заңсыз айналымына қатысты кез келген құқыққа қайшы әрекеттер ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны, жасына немесе ниетіне қарамастан заң алдында жауап берілетіні түсіндірілді. «Мен білмедім» деген уәждің жауапкершіліктен босатпайтыны атап өтілді.
Ақпаратты қабылдауды күшейту мақсатында оқушыларға есірткіге тәуелділіктің қайғылы салдары мен адам тағдырларының күйреуін көрсететін тақырыптық бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері жасөспірімдерді әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы арбау тәсілдеріне егжей-тегжейлі тоқталып, цифрлық сауаттылықтың, сыни ойлаудың және интернеттегі тұзақтарды танудың маңызын атап өтті.
Кездесу барысында іс-шараның негізгі өзегіне айналған маңызды ой да айтылды:
«Есірткі бостандық та, жеңіл ақша да бермейді — ол денсаулықты, болашақты және өмірдің өзін тартып алады. Бұл жолдағы әр қадам — өзіңді жоғалтуға жасалған қадам», — деп атап өтті полиция қызметкерлері оқушыларға үндеу тастап.
Іс-шара «ашық микрофон» форматында қорытындыланды. Оқушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісіп, мамандардан ашық әрі кәсіби жауаптар алды.
#законипорядок #заңментәртіп #есірткігежолжоқ