Қызметтік тәжірибені шыңдау: Жетісу облысының кинологтары кәсіби даярлықтан өтті

Қызметтік тәжірибені шыңдау: Жетісу облысының кинологтары кәсіби даярлықтан өтті

Ішкі істер органдарының кадрлық әлеуетін нығайту – Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта «K9 Мобильді нұсқаушы» жобасы аясында ІІМ кинологтарына арналған кезекті көшпелі біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды.

2025 жылғы 24 қараша мен 5 желтоқсан аралығында ҚР ІІМ Кинологиялық орталығының нұсқаушылары Жетісу облысы Полиция департаментінің кинологтары мен қызметтік иттеріне арналған кешенді оқу-жаттығу сабақтарын өткізді. Сабақтар тікелей қызмет атқару аумағында өткізіліп, бұл дайындықты нақты қызметтік жағдайларға бейімдеуге және практикалық машықтарды тереңдетуге мүмкіндік берді.

Оқу бағдарламасы жоғары қарқынмен өтті. 80 сағаттық тәжірибелік сабақ барысында есірткі және жарылғыш заттарды анықтау, із кесу, иіс арқылы сәйкестендіру, сондай-ақ әртүрлі жедел жағдайларда күдіктіні ұстау элементтері пысықталды. Түнгі уақытта өткізілген жаттығулар мен шынайы операцияларға жақын сценарийлерге негізделген сабақтар ерекше маңызға ие болды. Сонымен қатар арнайы полиция бөлімшелерімен өзара іс-қимылдың тактикалық қырлары жетілдірілді.

Нұсқаушылар қызметтік иттердің күрделі, тар әрі қолайсыз ортада әрекет етуіне баса назар аударды. Мұндай жағдайда кинолог пен иттің өзара үйлесімділігі шешуші рөл атқарады.

Курс қорытындысы бойынша кинологиялық қызмет мамандарының кәсіби деңгейі артқаны, қызметке деген жауапкершілігі мен ынтасы күшейгені атап өтілді. Көшпелі оқыту форматы тиімділігін көрсетті: ол уақыт пен ресурстарды үнемдей отырып, жоғары сапалы даярлықты қамтамасыз етті.

«K9 Мобильді нұсқаушы» жобасы тәжірибелік бағыттылығымен және нақты нәтижелерімен ерекшеленіп, оны еліміздің басқа өңірлерінде де кеңінен енгізудің маңыздылығын айқындады.

#законипорядок #заңментәртіп #кинолог