Талдықорған қаласында Жетісу облысы полиция департаментінің Киберполиция басқармасы мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Инновациялық колледж студенттеріне танымдық дәріс өткізді. Іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өтіп, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруды мақсат етті.
Кездесу барысында полицейлер интернет қолданушылары күн сайын кездесетін заманауи қауіптер туралы айтып берді. Әсіресе, интернеттегі қылмыстық топтардың арандатулары, «дропперлік» арқылы заңсыз әрекеттерге тарту, интернет алаяқтық және «қалташалар» арқылы есірткіні тарату секілді қауіпті құбылыстарға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, мамандар қылмыстық жауапкершіліктің жасы және заң алдындағы жауаптылық мәселелерін түсіндіріп, мұндай әрекеттерге байқамай қатысудың да ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Полицейлер студенттерді қырағы болуға, интернеттегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және алған білімдерін достары мен туыстарына, әсіресе интернет алаяқтарының құрбанына айналуы мүмкін егде жастағы адамдарға жеткізуге шақырды.
Мұндай профилактикалық кездесулер жастарға өздерін және жақындарын қалай қорғау керектігін жақсырақ түсінуге көмектесіп, заңға және қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді.
#Заңментәртіп #ЖетісуПолицияДепартаменті #Киберполиция #Профилактика #ЖетісуЖастары