Текелі қаласында полиция қызметкерлері нашақорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу кеңесінің мүшелері және «Қос-Қанат» үкіметтік емес ұйымының өкілдерімен бірлесіп, «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» атты әлеуметтік-профилактикалық іс-шара өткізді. Акция аясында «Бақытты отбасы – дені сау ел» ұранымен «Отбасылық квиз» атты байқау ұйымдастырылып, оған әр жастағы тұрғындар қатысты.
Командалар 3–5 адамнан тұратын отбасылардан құралды, бұл іс-шараға ерекше жылулық пен бірлік атмосферасын сыйлады. Байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, мүшелердің бірлігін арттыру және салауатты өмір салтының маңыздылығы туралы хабардарлықты көтеру болды. Ұйымдастырушылар әлеуметтік осал және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар арасында есірткіге, темекіге, вейпке және алкогольге қарсы профилактика мәселесіне ерекше көңіл бөлді.
Байқауды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия, Текелі қаласының прокуратурасы, Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы және «Жақсылық жаса! Текелі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Интеллектуалдық сайысқа тоғыз отбасылық команда қатысты. Ойын қазақ және орыс тілдерінде үш кезеңнен тұрды. Жеңімпаздар барлық турлардың қорытындысы бойынша анықталды. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен тартулар табысталды. Грамоталар мен алғыс хаттарды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия төрағасы табыс етті, сондай-ақ әр командаға Текелі қаласының прокуратурасы атынан арнайы номинациялар берілді.
Мұндай іс-шаралар отбасыға деген жауапкершілік сезімін тәрбиелеуде, салауатты қоғам қалыптастыруда және азаматтар мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді нығайтуда маңызды рөл атқарады. Себебі, мықты отбасы – елдің аман, қауіпсіз болашағының негізі.
#законипорядок #біздіңполиция #нашаполиция #заңментәртіп #есірткігежолжоқ