Жетісу облысында көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтау және жолын кесуге бағытталған республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы «Заңсыз-2025» жалғасуда. Іс-шараның екі күнінде өңір полицейлері 209 құқықбұзушылықты тіркеді. Оның 148-і шетел азаматтары, ал 61-і – Қазақстан азаматтары тарапынан жасалған.
Полиция дерегінше, 148 шетел азаматы еліміз аумағында болу және тұру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 46 қазақстандық азамат шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау тәртібін сақтамағаны үшін жауап берді. Тағы 15 адам шетелдік жұмыс күшін рұқсатсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Іс-шара аясында шетел азаматтарының Қазақстан аумағында болу мерзімі қысқартылды.
Сот шешімімен 14 құқықбұзушы елден тысқары шығарылатын болды.
Ерекше назар Кербұлақ ауданындағы жағдайға аударылды. Онда полицейлер құжатсыз, заңсыз еңбек етіп жүрген 29 шетел азаматын анықтады. Барлығы жеке тұлғасын анықтау мақсатында қабылдау-тарату орнына жеткізілді. Ал шетелдік жұмысшыларды заңсыз түрде тартқан жұмыс берушіге қатысты заңда көзделген шаралар қолданылды.
«Заңсыз-2025» алдын алу операциясы жалғасуда. Ішкі істер органдары көші-қон саласындағы бақылауды күшейтіп, заңнаманы сақтау – қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің басты кепілі екенін атап өтеді.
#ЗАҢМЕНТӘРТІП #ЗАКОНИПОРЯДОК