Жетісу облысында Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері, облыстық прокуратураның үйлестіруімен, Алматы қаласының 22 жастағы тұрғынын есірткі заттарын тасымалдау барысында ұстады.
Республикалық «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында түскен жедел ақпарат расталды: бойжеткен 2025 жылғы 13–16 қыркүйек аралығында психоактивті зат – мефедронды заңсыз сатып алып, сақтаған. Оның бір бөлігін өзі қолданса, қалғанын жанында алып жүрген.
16 қыркүйектен 17 қыркүйекке қараған түні ол Алматыдан таксимен Талдықорғанға бет алып, жанында 15 түйіншек есірткі затын ала шыққан. Алайда Текелі қаласына кіреберісте полицейлер оны дер кезінде ұстады. Жеке тінту кезінде ішіне ұнтақ тәрізді зат салынған қара изолентамен оралған түйіншек табылды. Сондай-ақ сөмкесінен үш әйнек түтікше (пипетка) және қызыл түсті бір пластик түтік салынған «Marlboro» темекі қорабы анықталды. Бұл заттар есірткіні тұтынуға арналғаны белгілі болды.
Медициналық куәландыру нәтижесі бойынша бойжеткеннің қан құрамынан мефедрон, меткатинон, а-PVP (альфа-пирролидинопентиофенон) және каннабиноид метаболиттері табылды. Сараптама нәтижесінде тәркіленген зат мефедрон екені, яғни меткатинон (эфедрон) психотроптық затының аналогы екені анықталды. Жалпы салмағы – 3,03 грамм, бұл заң бойынша аса ірі көлемге жатады.
Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол қамауға алынды. Заңға сәйкес, есірткіні заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау және аса ірі көлемде тасымалдау (сату мақсатынсыз) үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұл оқиға тағы бір мәрте дәлелдейді: бір қателік пен зиянды әдет адамның өмірін талқандауы мүмкін. Жетісу облысының полициясы азаматтарға ескертеді: есірткі – болашағы жоқ жол, қысқа уақыттық «рахаттан» кейін оның соңы ауыр зардаптарға әкеледі.
#законипорядок
#заңментәртіп
#есірткігежолжоқ