«Дәрмек» Жетісуда: ондаған құқықбұзушылық пен мыңдаған тәркіленген препараттар

«Дәрмек» Жетісуда: ондаған құқықбұзушылық пен мыңдаған тәркіленген препараттар

Азаматтардың денсаулығын қорғау және дәрі-дәрмек айналымы саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылдың 22–26 қыркүйек аралығында Жетісу облысы аумағында «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Акция «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты — есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңды айналымы саласындағы құқықбұзушылықтарды анықтау, сондай-ақ «дәріханалық нашақорлықтың» алдын алу және жолын кесу.

Тексеру барысында тиісті лицензиялары бар 18 кәсіпкерлік және денсаулық сақтау нысаны қамтылды, олардың ішінде — 10 дәріхана, 6 емдеу-профилактикалық мекеме және 2 өндірістік кәсіпорын бар.

Нәтижесінде фармацевтикалық қызмет ережелерін, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы талаптарын, сондай-ақ лицензиялау мен нысандардың техникалық нығайтылуы нормаларын бұзуға қатысты 13 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.

Заңсыз айналымнан 8 мыңнан астам дәрілік препарат тәркіленді, олардың қатарында:
• құрамында есірткі компоненттері бар 4 мыңнан астам дәрі-дәрмек;
• психотроптық заттары бар 2766 ампула және 1680 таблетка түріндегі препараттар;
• жалпы салмағы 88 келіден асатын прекурсорлар бар.

13 лауазымды тұлға, соның ішінде 12 медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жетісу облысының полициясы дәрілік заттардың айналымы саласында бақылауды қамтамасыз ету, есірткі заттарының заңсыз таралуының алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.

#ЗАҢМЕНТӘРТІП #ЗАКОНИПОРЯДОК