Түнгі уақытта Талдықорған қаласында есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізу барысында синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен 23 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
Тінту барысында күдіктінің шалбарының қалтасынан көк изолентамен оралған үш дана Zip-Lock пакет табылып, тәркіленді. Пакеттердің ішінде ашық беж түсті ұнтақ зат болған.
Кейіннен, күдіктінің тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту кезінде жатын бөлмедегі шкафтен тағы 101 дана дәл осындай Zip-Lock пакет анықталып, тәркіленді. Олар көк, қара, сары және жасыл түсті изолентамен оралған. Пакеттердің ішінен де ұнтақ тәрізді зат табылды. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында “індеттің” таралуының алдын алу мүмкін болды – барлығы 104 дана күмәнді пакет тәркіленді.
Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың синтетикалық есірткі – мефедрон екенін көрсетті. Заттың жалпы салмағы 223 граммды құрады.
Күдіктінің айтуынша, ол Instagram әлеуметтік желісіндегі хабарландыру арқылы «есірткі жасырушы» болып жұмысқа тұрған. «Кураторымен» байланыс Telegram мессенджері арқылы жүргізілген. Ол Талдықорған қаласы аумағына есірткі заттарын жасырын «топтамалар» түрінде таратып отырған және әрбір «жасырылған» пакет үшін 1 300 теңге көлемінде ақы алып отырған.
Тергеу барысында күдіктінің отбасы бар екені анықталды — әйелі және кәмелетке толмаған баласы. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды.
Қылмыстық істің материалдары сотқа жолданды.
📢 Құрметті тұрғындар мен қонақтар!
Интернет желісіндегі «оңай табыс» уәдесіне алданып қалмаңыздар. Есірткі заттарын, соның ішінде «жасырын топтама» түрінде таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген.
Есіңізде болсын: нағыз мақсаттарға тек адал әрі табанды еңбек арқылы ғана жетуге болады. Өміріңізді қор қылмаңыз — #ЗАҢЖӘНЕТӘРТІП қағидаларын ұстаныңыз.