Республикалық деңгейде өткізіліп жатқан «Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Жетісу облысында есірткі құралдарының таралу арналарын анықтау мен жолын кесуге бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығы мамандарымен бірлесіп, «Қазпошта» АҚ бөлімшесінде тексеру жүргізді. Іс-шара барысында қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен келіп түскен және жөнелтілгелі жатқан пошта сәлемдемелері мұқият тексеріліп, тыйым салынған заттардың бар-жоғы анықталды.
Іс-шараның басты мақсаты – пошта арқылы есірткі тасымалдау фактілерінің алдын алу ғана емес, сондай-ақ азаматтарды есірткі айналымына қатысудың салдары туралы хабардар ету. Түсіндіру жұмыстары барысында пошта қызметкерлері мен тұрғындарға есірткі заттарын сақтау, тасымалдау және тарату үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік түсіндірілді.
«Қарасора-2025» аясындағы алдын алу шаралары өңірдегі өзге де мекемелерде, көлік тораптарында және қоғамдық орындарда жалғасын табады. Полицейлер әрбір азаматтың заң талаптарын сақтауына жауапты екенін ескертеді. Қоғамдық қауіпсіздіктің негізі – әрбір адамның қырағылығы мен құқық қорғау органдарымен тығыз ынтымақтастығында.