Жетісу облыстық Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде жылдам қимылдайтын арнайы жасақ (СОБР) қызметкері Мирас Даутовты құттықтады. Алғыс хат Қазақстан полициясы күніне орай табысталып, бейбіт күнде жасалған оның ерлік әрекеті нағыз Отан қорғаушыға лайық батылдық ретінде бағаланды.
Еске салайық, оқиға 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні Талдықорғанда орын алған. Полицияның аға лейтенанты Мирас Даутов Көкбастау көшесімен өтіп бара жатқанда, көмек сұраған дауысты естиді. Куәгерлердің бірі көшеде тұрып, жанталаса көмекке шақырған: екі қабатты тұрғын үйді қою түтін басып, ішінде балалар қалып қойған.
Оқиғаға бірден әрекет еткен Даутов ойланбастан ғимаратқа кіреді. Түтінге тұншыққан бөлмелерді еңсеріп, балаларды қауіпсіз жерге алып шығып, өз өмірін қатерге тігіп, үлкен ерлік пен жанқиярлық танытты. Бұл әрекеті бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
СОБР қызметкерінің бұл қадамы қоғам тарапынан үлкен қолдау тауып, оның кәсіби біліктілігі мен қызметке деген адалдығының жарқын үлгісіне айналды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қызметкерлері мұндай ерліктер жас ұрпақты жігерлендіріп, ел ішіндегі құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтатынын атап өтті. Мирас Даутов – тек тәртіп сақшысы ғана емес, жүрегі кең, кез келген сәтте көмекке келуге дайын азамат.