Жетісу өңірінде жалпы сомасы 9 миллион теңгеден асатын мал ұрлығы ашылды

Жетісу өңірінде жалпы сомасы 9 миллион теңгеден асатын мал ұрлығы ашылды

Жетісу облысының Көксу ауданында облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Көксу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, ірі қара мал ұрлығының бірқатар дерегін әшкереледі. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, биылғы жылдың 7 маусымында белгісіз тұлғалар Мұқаншы ауылдық округіне қарасты жайылымнан 9 бас ірі қара малды ұрлап кеткен. Мал иесіне келтірілген материалдық шығын шамамен 2,5 миллион теңгені құрады.

Бірнеше күннен кейін, маусым айының басында, сол қаскөйлер Алғабас ауылдық округі маңынан тағы бір мал ұрлығын жасап, бұл жолы 14 бас ірі қара малды айдап әкеткен. Аталған факт бойынша келтірілген шығын көлемі 7 миллион теңгеден асты.

Талдықорған қаласы, Көксу ауданы және Алматы облысы аумағында полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында екі күдікті ұсталып, қамауға алынды. Олар – 51 және 37 жастағы Көксу ауданының жергілікті тұрғындары болып шықты.

Сонымен қатар, арнайы операция аясында “MAN” маркалы жүк көлігі тоқтатылып, ішінен Алматы облысының тұрғыны, ұрланған малды сатып алушы анықталды. Көлікті тексеру кезінде полиция қызметкерлері жәбірленушілерге тиесілі 14 бас ұрланған ірі қара малды тауып, тәркіледі.

Аталған деректер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, мал ұрлығы үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы көзделген.

Құқық қорғау органдары аталған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жалғастырып, ұсталған азаматтардың өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.