Жетісу облысында есірткіге қарсы қоғамдық сананы дамыту мақсатында ерекше спорттық шара ұйымдастырылды: 14 маусым күні «Жастар» спорт сарайынан бастау алған жүгіру марафоны жастарды нашақорлыққа қарсы бірлікке шақырды. Іс-шараны облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесе өткізді.
Марафонға 200-ден астам спортшы қатысты. Қатысушылар Астана, Алдабергенов және Қонаев көшелерінің бойымен 5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.
«Жүгір! Есірткіге қарсы қадам бас!» марафоны – қоғамның бірлігі мен тәртіп сақшыларының жастарды қолдау әрекетінің көрінісі. Осындай спорттық-танымдық іс-шаралар арқылы жас буын есірткіге қарсы тұруға, салауатты өмір салтын ұстануға және өз мүмкіндіктерін шыңдауға шақырылады.