Жетісу облысының Кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік шара өтті. Дәстүрге айналған бұл кешке полиция қызметкерлері мен «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының өкілдері арнайы келді.
Қонақтар бос қолмен келмеді: балалар жарқын шығармашылық шеберлік сабақтары, көңілді ойындар мен сайыстар, сондай-ақ жағымды тосынсыйлар мен сыйлықтар күтті. Балаларды мерекемен құттықтай отырып, оларға жылы лебіздерін жеткізіп, жан-жақты қолдау көрсетті. Мақсат – балаларды қамқорлыққа бөлеп, оларды жалғыз емес екендерін сезіндіру.
Шара барысында полицейлер әрдайым қолдау болатынын айтып, құқық қорғау қызметінің кейбір қырларымен таныстырды. «Динамо» өкілдері спорттың маңызды екенін түсіндіріп, денсаулыққа пайдалы жаттығуларға шақырды. Балалар өздерін еркін сезініп, қуанышқа бөленді.
Мереке соңында барлық қатысушылар жылы лебіз айтып, балаларға тағы да кездесуге уәде берді. Бұл кеш қоғамға балаларға деген қамқорлықты көрсетуге және олардың көңіл-күйін көтеруге ықпал етті.