Жамбыл облысында «Полиция Барысы-2024» турнирі басталды

Жамбыл облысында «Полиция Барысы-2024» турнирі басталды

«Динамо» спорт кешенінде Жамбыл облысының полиция қызметкерлері арасында «Полиция барысы-2024» турнирі басталды.

Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Сматов «Полиция барысы» бұл ұлттық спорт түрі – қазақ күресін насихаттауға бағытталған және тәртіп сақшыларының кәсіби деңгейін арттыруға ықпал ететін ауқымды жарыс екенін атап өтті.

Турнирдің құрметті қонақтары еңбек сіңірген жаттықтырушылар Ахмет Жұмағұлов, Ғалымжан Жылгелдиев, қазақ күресінен әлем және Азия чемпионы, «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы, «Еуразия Барысы» турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев, «Қазақстан Барысы-2023» турнирінің чемпионы Ғалымжан Қырықбай болды.

Бұл күні 2023 жылы барлық спорттық жарыстардың қорытындысы бойынша ерекшеленген қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті. «Үздік спортшы» номинациясы оқу-жаттығу взводының қызметкері Ырыскелді Артықовқа, Қордай АПБ қызметкері Қымбат Қауынбаеваға берілді.

Команданың үздік жетекшісі болып Т. Рысқұлов аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Алмаз Шалғынбаев танылды.

Жыл қорытындысы бойынша командалық есепте 1-орынды Тараз қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері, 2-орынды Қордай АПБ, 3-орынды Тараз қаласы ПБ 1-ПБ иеленді.

Тараз қаласы мен облыстың барлық аудандарының атынан қатысқан полицейлер 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын болады. 120 полицей «барыс» атану үшін боз кілемге шықты.

Облыстық турнир жеңімпаздары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қазақ күресі бойынша чемпионатына жолдама алады.