Жамбыл облысының полицейлері практикалық атудан Қазақстан Кубогының жүлдегерлері атанды

Жамбыл облысының полицейлері практикалық атудан Қазақстан Кубогының жүлдегерлері атанды

Жамбыл облысының полицейлері практикалық атудан Қазақстан Кубогының жүлдегерлері атанды

Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Семей қаласында өткен практикалық атудан Қазақстан Республикасының Кубогына қатысты.

Жарысқа еліміздің құқық қорғау және күштік құрылымдарының үздік мергендері қатысты. Практикалық ату спорт түрі қатысушылардан жоғары дәлдікті ғана емес, сонымен қатар жылдам әрекет етуді, зейіннің жоғары деңгейін, уақыттың шектеулі жағдайында және жоғары жауапкершілік кезінде дұрыс шешім қабылдай білуді талап етеді.

Турнир қорытындысы бойынша Жамбыл облысының Полиция департаменті Оқу-жаттығу взводының инспекторы Ерлан Ералиев жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жеке есепте сенімді түрде бірінші орынды иеленді.

Облыс командасының қоржынына тағы бір жүлдені Жамбыл облысының Полиция департаменті Арнайы және кәсіби даярлық басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Салтанат Раимбекова салды. Ол жарыс қатысушылары арасында екінші орынға ие болды.

Жарысқа қатысу қызметкерлерге республикалық деңгейде өз шеберліктерін көрсетуге ғана емес, сондай-ақ өзге өңірлердегі әріптестерімен тәжірибе алмасуға, практикалық даярлық деңгейін арттыруға және қызметтік міндеттерін тиімді орындауға қажетті кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.

Жамбыл облысының Полиция департаменті жарыс жүлдегерлерін лайықты марапаттарымен құттықтап, қызметтеріне табыс пен жаңа жетістіктер тілейді.