
Таразда «Есірткіге қарсы спорт» атты шағын футбол турнирі өтті
Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында және «Қарасора-2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Тараз қаласында «Есірткіге қарсы спорт» ұранымен шағын футболдан турнир ұйымдастырылды.
Іс-шараны Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің КММ «Жастар ресурстық орталығы» және «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігі жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшесі бірлесіп ұйымдастырды.
Турнирдің негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және жастар арасында есірткінің алдын алу жұмыстарын күшейту. Жарысқа 16 мен 35 жас аралығындағы жастардан құралған білім беру ұйымдары мен жастар ұйымдарының командалары қатысты. Қатысушылар жоғары спорттық дайындықтарын, командалық бірліктерін және жеңіске деген жігерлерін көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды «Тараз-Ғасыр» колледжінің командасы иеленді. Екінші орын «Парасат» колледжінің командасына бұйырса, үшінші орынды Жоғары Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің командасы жеңіп алды.
Сонымен қатар жарыс нәтижесінде үздік ойыншылар да анықталды. Турнирдің үздік ойыншысы атанған – Анарқұл Айдын, үздік қақпашы – Жұматай Ұлан, ал үздік қорғаушы – Дексен Адият.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен, медальдармен, кубоктармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спорттық шаралар жастардың бойында берік өмірлік құндылықтарды қалыптастыруға, денсаулықты нығайтуға, спортқа деген қызығушылықты арттыруға және есірткі құралдарын пайдалануға деген теріс көзқарасты орнықтыруға ықпал етеді.