
Полицейлер Қордай ауданындағы ауқымды рейдтердің бейнежазбасын жариялады
Кезекті рейдтік іс-шаралар барысында патрульдік жасақтар қоғамдық орындарды, ойын-сауық мекемелерін және ауданның негізгі автожолдарын қамтыды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бір тәулік ішінде жүзден астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін анықтауға ерекше назар аударылды. Автокөлікті кәмелетке толмаған жасөспірімнің басқарғаны анықталды. Оның заңды өкілдері де жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ әрқайсысында 20-дан астам құқық бұзушылығы бар екі өрескел заң бұзушы анықталды. Олардың басым бөлігі белгіленген жылдамдықты асырумен байланысты.
Бұдан бөлек, тыйым салынған бағдаршам сигналына өту, қарсы қозғалыс жолағына шығу, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтау деректері тіркелді.
15 көлік құралы арнайы айып тұрағына қойылды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар Жамбыл облысының барлық өңірлерінде жүргізілуде.