Тараз қаласында "Жастар есірткіге қарсы" профилактикалық акциясы өтті

Тараз қаласында "Жастар есірткіге қарсы" профилактикалық акциясы өтті

Тараз қаласында Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, криминалистикалық және кинологиялық қызмет мамандары, сондай-ақ әкімдіктің Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп "Жастар есірткіге қарсы" атты профилактикалық акция ұйымдастырды.

Іс-шара Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студенттеріне арналды. Акция аясында қатысушылар үшін кинологиялық қызмет орталығына экскурсия ұйымдастырылып, қызметтік-іздестіру иттерінің жұмысы таныстырылды. Студенттерге із кесу арқылы адамды табуға, жарылғыш заттар мен есірткі құралдарын анықтауға үйретілген қызметтік иттердің мүмкіндіктері көрсетілді.

Кинологтардың көрсетілімдері барысында иттердің есірткі заттарының муляждарын анықтау және шартты құқық бұзушыларды ұстау дағдылары ерекше қызығушылық тудырды.

Сонымен қатар мамандар жастарға есірткі заттарын, оның ішінде синтетикалық түрлерін қолданудың зияны мен ауыр әлеуметтік салдары туралы кеңінен түсіндірді.

Полиция қызметкерлері салауатты өмір салтын ұстанудың және жастар арасында есірткіге қарсы берік ұстаным қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Іс-шара барысында студенттер криминалист мамандығының ерекшеліктерімен де танысты.

Мамандар оқиға орнын қарау тәртібі, айғақ заттарды анықтау және алу тәсілдері, сондай-ақ жүргізілетін зерттеу түрлері жөнінде мәлімет берді. Акция соңында қатысушылар оның мазмұндылығы мен практикалық маңызын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді және қызметтік иттермен естелік суретке түсті.