
Полиция қызметкерлері іздеуде жүрген 26 қылмыскерді ұстады
Жамбыл облысында Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерде сот төрелігінен бой тасалап жүрген адамдарды іздестіру тиімділігін арттыруға бағытталған «Іздеу» бірлескен мемлекетаралық жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 26 күдіктіні анықтап, ұстады. Олардың басым бөлігі жауапкершіліктен жалтару мақсатында Қырғызстан мен Ресей Федерациясының аумағында жасырынған.
Ұсталғандардың арасында ұзақ жылдар бойы іздеуде жүргендер де бар. Мәселен, екі азамат 2017 жылдан бері ауыр қылмыс жасағаны үшін құқық қорғау органдарынан бой тасалап келген. Сондай-ақ, 2016 жылы ұялы телефонды ашық түрде жымқырып, содан кейін қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған Қордай ауданының 37 жастағы тұрғыны да қолға түсті.
Іс-шара нәтижесінде қазақстандық қылмыскерлер ғана емес, басқа мемлекеттер жариялаған мемлекетаралық іздеуде жүрген азаматтар да ұсталды.
Атап айтқанда, полиция қызметкерлері кісі өлтіру және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактілері бойынша іздеуде жүрген Қырғызстан және Ресей Федерациясының азаматтарын ұстады.
Мәселен, Мемлекеттік шекарадан өту кезінде Ресей Федерациясы ІІМ іздеу жариялаған 30 жастағы Ресей азаматы ұсталды. Ол денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деп айыпталуда. Қазіргі таңда ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар, полицейлер ұзақ уақыт бойы із-түзсіз жоғалған деп танылып, іздеуде жүрген жеті азаматтың жүрген жерін анықтады. Бұл — құқық қорғау органдары үшін ғана емес, олардың туған-туыстары мен жақындары үшін де маңызды нәтиже болды.