
Жамбыл облысында ірі көлемдегі есірткі тарату әрекетінің жолы кесілді
Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын тасымалдау арнасының жолын кесті.
«Меркі – Шу – Бурылбайтал» автожолының 122-шақырымында полицейлер жеке тасымалмен айналысатын Шу қаласының 55 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Volkswagen Golf» маркалы автокөлікті тоқтатты.
Көлік құралын тінту барысында жолаушылардың бірінен «гашиш» есірткі заты салынған пакет табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 9 келі 707 граммды құрады. Осылайша, полиция қызметкерлері аса ірі көлемдегі есірткі партиясын тарату әрекетінің алдын алды.
«Полиция қызметкерлерінің дер кезінде әрі үйлесімді жүргізген жұмысының нәтижесінде шамамен 20 мың реттік тұтынатын есірткі мөлшерінің таралуына жол берілмеді. Бұл — мыңдаған адамның өмірін нашақорлыққа тәуелділіктің ауыр салдарынан сақтап қалуға мүмкіндік берді», — деп атап өтті Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Мақсат Қанапяев.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оған мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.