
Жамбыл облысында 400-ге жуық студент Полиция департаментіне экскурсия жасады
Жамбыл облысы Полиция департаментінде «Ашық есік» күніне орай, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің 1-курс студенттері арнайы экскурсия жасап, ішкі істер органдарының тарихымен және қызметімен танысты.
Экскурсияға 400-ге жуық студент келіп, департаменттің тарихи мұражайын аралап, ішкі істер органдарының қалыптасу кезеңдері, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі, қызмет барысында қаза тапқан полицейлер туралы кеңінен мәліметтер алды. Сондай-ақ, полиция қызметінің күнделікті жұмысы, оның қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігі туралы жан-жақты ақпарат берілді. Студенттерге департаменттің арнайы мақсаттағы бөліністерінің көрмесі ұйымдастырылып, олардың материалдық-техникалық жарақтануы мен қызмет ерекшеліктері көрсетілді.
Кездесу аясында отставкадағы полиция полковнигі С.Сексенбаевтың жетекшілігімен «Ерлік сабағы» өткізіліп, құқықтық тәрбие беру бағытында мазмұнды әңгіме өрбіді. Полиция қызметкерлері студенттердің сұрақтарына жауап беріп, құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау және азаматтық жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Адал азамат» санасын қалыптастыру мақсатындағы тағылымдық іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін көтеруге, отансүйгіштік қасиеттерін арттыруға және полиция қызметіне деген қызығушылығын оятуға бағытталған.