Жамбыл облысында 16 мыңнан астам адам «резеңке пәтерлерге» тіркелген

Жамбыл облысында 16 мыңнан астам адам «резеңке пәтерлерге» тіркелген

Жамбыл облысында 16 мыңнан астам адам «резеңке пәтерлерге» тіркелген

Жамбыл облысында көші-қон заңнамасы саласында ауқымды тексеру жұмыстары жүргізілуде. Негізгі назар бір тұрғын үйге ондаған, тіпті жүздеген адам ресми түрде тіркеліп, іс жүзінде тұрмайтын «резеңкеге» айналған мекенжайларға аударылды.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының 653 азаматы және ТМД елдерінің 26 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полицейлер жалған тіркеу белгілері бар 839 мекенжайды анықтады. Аталған пәтерлер мен тұрғын үйлерде жалпы саны 16 306 адам тіркеуде тұрған. Олардың бір бөлігі бұл мекенжайларда ешқашан тұрмаған.

Азаматтарды нақты тұрғылықты жерінсіз тіркегені үшін 82 адам жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, он күннен бір айға дейін тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрған 414 дерек анықталды. Бұдан бөлек, 143 адам жеке басын куәландыратын құжатсыз, жарамсыз құжатпен немесе уақытша тұру орны бойынша бір айдан астам тіркеусіз өмір сүрген.

Тұрғын үй иелеріне де ерекше назар аударылды. Үйінде іс жүзінде тұрмайтын адамдарды тіркеуге жол бергені үшін 47 адам жауапкершілікке тартылды.

Тағы 35 жағдайда пәтер иелері бұрыннан тұрмайтын адамдарды тіркеуден шығару бойынша шара қабылдамаған.

Аталған шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, көші-қон үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.