
Жамбыл облысы ПД бастығы Тараз қаласында мөлтек аудандардың аулаларында тұрғындармен кездесуде
Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев тұрғындармен көшпелі кездесулер өткізуде. Осындай кездесулердің бірі Тараз қаласының Мынбұлақ шағын ауданында өтті.
ПД бастығы аулалардағы проблемалық учаскелерді аралап, тұрғындармен жүздесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Іс-шараға аталған аумақтың учаскелік полиция инспекторлары да қатысты.
Кездесу барысында азаматтар аула аумақтарына бейнебақылау камераларын орнату, автотұрақ орындарын ұйымдастыру, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, аулаларды күтіп-ұстау сияқты коммуналдық сұрақтар да қозғалды.
ПД бастығы кейбір мәселелер басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жатса да, тұрғындарға қажетті құқықтық кеңес түрінде көмек көрсетілетінін атап өтті.
Бірқатар өтініштер бойынша жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.
Шағын аудан тұрғындары учаскелік полиция инспекторының жұмысына оң баға беріп, оның қолжетімділігі мен жедел әрекет ететіні, сондай-ақ мөлтек аудан өміріне белсенді араласатынын ерекше атап өтті.
Қазіргі уақытта бұл аумақта үйлерді мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) нысанына көшіру және кондоминиумдар құру жұмыстары жүргізілуде. Кейбір үйлер кондоминиум жүйесіне енгізілген, тағы біреуі құжаттарды рәсімдеу кезеңінде. Бұл үдерісте учаскелік инспектор тұрғындарға қолдау көрсетуде.
Департамент басшылығының тұрғындармен көшпелі кездесулері тұрақты түрде өткізіліп, полиция мен халық арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған.