
Қауіпсіз балалық шақ — қоғам мен полицияның ортақ міндеті
Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету полиция қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері тұрақты түрде нашақорлықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы буллинг пен зорлық-зомбылықтың жолын кесуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
Жыл басынан бері полицейлер мүдделі мекемелер өкілдерімен бірлесіп 5 зияткерлік ойыны мен байқау ұйымдастырып, 1 325 дәріс пен әңгіме, 18 дөңгелек үстел және 34 ата-аналар жиналысын өткізді. Бұл іс-шаралар балалар мен жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және жеке қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға бағытталған.
Түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аударылуда. Полицейлер мектеп оқушылары және студенттермен кездесіп, тыйым салынған заттардың зияны, олардың денсаулыққа әсері, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қатысқаны үшін көзделген жауапкершілік туралы түсіндіреді. Сонымен қатар жасөспірімдерді интернет пен әлеуметтік желілер арқылы құқыққа қарсы әрекеттерге тартудың алдын алу мәселесіне айрықша мән беріледі.
Жол қауіпсіздігі де назардан тыс қалған емес. Полиция қызметкерлері оқушыларға жол қозғалысы ережелерін еске салып, мектеп маңында профилактикалық рейдтер өткізеді, жүргізушілердің кәмелетке толмағандарды тасымалдау талаптарын және жаяу жүргіншілер өткелдерінен қауіпсіз өту қағидаларын сақтауын бақылайды.
Буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында полицейлер педагогтер және психологтармен бірлесіп тренингтер мен тақырыптық кездесулер өткізіп, жасөспірімдер арасында қауіпсіз қарым-қатынас, өзара құрмет және іс-әрекетке жауапкершілік дағдыларын қалыптастыруда.
Жамбыл облысы Полиция департаменті балалар қауіпсіздігі — ата-аналардың, педагогтердің, құқық қорғау органдарының және тұтас қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтеді. Тек күш біріктіру арқылы ғана өскелең ұрпақ үшін қолайлы әрі шынайы қауіпсіз орта қалыптастыруға болады.