Жамбыл облысында жалған нөмірмен көлік басқарған жүргізуші анықталды

Жамбыл облысында жалған нөмірмен көлік басқарған жүргізуші анықталды

    Жамбыл ауданының орталық көшелерінде патрульдік полиция қызметкерлері мемлекеттік нөмірі күдік туындатқан BMW маркалы автокөлігіне тексеру жүргізді.

    Тексеру барысында құқық бұзушының Грузия елінен әкелген көлігін рәсімдемей, нөмірді басқа көліктен шешіп алғаны анықталды.

    Аталған дерек бойынша жүргізуші біле тұра жалған нөмірмен көлік басқарғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 3 және 4-тармақтарымен жауапқа тартылып, іс Жамбыл аудандық сотына жолданды.

    Сот шешімімен құқық бұзушыға әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалып, бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

    Көлік айып тұрағына қойылды.

   Жалпы, облыс аумағында өткен жылдың 12 ай қорытындысы бойынша жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін орнатқан 45, ал осындай көлік құралын басқарған 70 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылған.