
Тараз қаласында полиция 39 жастағы есірткі таратушы әйелдің қылмыстық әрекетін тоқтатты.
Күдікті интернет-мессенджерлер арқылы кураторлардың нұсқауымен әрекет етіп, Тараз қаласының шағын аудандарында синтетикалық есірткі заттарын жасырын орындарға қалдырумен айналысқан.
Тергеу барысында күдікті бастапқыда ақшалай сыйақыны шотына аударып отырғанын, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылғанын түсіндірді.
Алайда кейінірек ол ақшалай төлемнен өз еркімен бас тартып, сыйақыны психоактивті заттар түрінде ала бастаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жеке тінту кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған 80 орам табылды.
Сонымен қатар, тұрғын үйінен осыған ұқсас зат салынған қосымша орамдар тәркіленді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, тәркіленген «альфа-PVP» затының жалпы салмағы 24,93 грамды құрады.
Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау және сату дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.