
Тараз қаласында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жауапкершіліктен қашып жүрген «Mitsubishi Pajero» маркалы автокөлігінің жүргізушісі анықталды.
Тексеру нәтижесінде жүргізушінің 43 әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны, олардың барлығы да жылдамдықты белгіленген нормадан асыру деректері екені белгілі болды. Ол жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде елемей, басқа жол қозғалысына қатысушылардың өміріне нақты қауіп төндірген.
Құқық бұзушының автокөлігі айып тұрағына қойылды.
Жалпы, жыл басынан бері «Борышкер» іс-шарасы аясында 5 353 автокөлік айып тұрағына жеткізілген.
Полиция департаменті барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе жылдамдық режимін бұзбауға шақырады. Жылдамдықты асыру — жол-көлік оқиғаларына әкелетін негізгі себептердің бірі.