ДРОППЕР ДЕГЕН КІМ?: Жамбыл облысында полиция сақтану жолдарын түсіндірді!

ДРОППЕР ДЕГЕН КІМ?: Жамбыл облысында полиция сақтану жолдарын түсіндірді!

    Соңғы уақытта интернет-алаяқтық қылмыстарына біліп немесе білмей көмектесетін азаматтар саны артып отыр. Мұндай тұлғалар «дроппер» деп аталады және олар заң алдында жауап береді.

   Дроппер деген кім?
Дроппер — интернет-алаяқтыққа қатысы бар, яғни: ▪️ қылмыстық жолмен алынған ақшаны өз банк шотынан шешіп берген;
▪️ өз есепшотын немесе банк картасын басқа адамдарға пайдалануға берген азамат.

  Тергеу барысында дроппердің алаяқтық әрекеттерді білгені дәлелденсе, ол ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігіне сәйкес қылмысқа көмектесуші ретінде жауапқа тартылады.

  2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап ҚР Қылмыстық кодексіне 232-1-бап енгізілді.
Бұл бап: ▪️ банк шотына, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізуді;
▪️ оларды беру, алу және заңсыз ақша аударымдарын жүзеге асыруды
қылмыстық жауапкершілікке жатқызады.

   Іс-әрекеттің ауырлығына, сипатына және алынған пайда мөлшеріне қарай мүлкін тәркілей отырып,7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

   Алаяқтықтан келген шығын қалай өндіріледі?
   Интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтар ҚР Азаматтық кодексінің 953-бабының 1-бөлігіне сәйкес, тергеу барысында анықталған дропперлерге қатысты негізсіз баю тәртібімен талап арыз беріп, келтірілген шығынды өндіріп алуға құқылы.

    Өзіңізді қалай қорғауға болады?

   Банк картасының деректерін (нөмірі, CVV-код) ешкімге бермеңіз;
   Бейтаныс адамдардан келген сілтемелер мен файлдарды ашпаңыз;
 «Тез ақша табу», «оңай табыс» ұсыныстарына сенбеңіз;
   Өз банк шотыңызды немесе карталарыңызды бөгде адамдарға пайдалануға бермеңіз;
   Күмәнді жағдай туындаса, бірден банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.

   Есіңізде болсын: бір сәттік пайда – ұзақ мерзімді қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.