
Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жедел ақпаратты іске асыру барысында Тараз қаласында Өзбекстан Республикасының 30 жастағы азаматын ұстады.
Жеке тінту кезінде ұсталған адамның шалбарының қалтасынан салмағы 2 грамм 11 миллиграмм болатын «A-PVP» синтетикалық есірткі заты салынған орама табылды.
Одан әрі шетел азаматының тұрғылықты жеріне жүргізілген тінту кезінде залдағы кереуеттің астынан жалпы салмағы 166,09 грамм «A-PVP» есірткі заты бар пакет анықталды.
Есірткілерден бөлек, күдіктіден сату мақсатындағы айғақ заттар – өлшеуіш таразылар және шамамен 1500 дана «зип-пакет» тәркіленді.
«A-PVP» синтетикалық есірткілерінің жалпы салмағы (168,2 граммнан астам) аса ірі көлем ретінде бағаланады.
Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
Қазіргі уақытта жеткізу арналары мен басқа да ықтимал сыбайластарын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.